"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ-ның негізгі мұнай өңдеу және мұнай-химия активтерінің өндірістік қызметіне қатысты Шымкентте жиналыс өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жиында 2025 жылдың алдын ала қорытындысы шығарылып, 2030 жылға дейінгі жоспарлар қаралды.
– Биыл 11 айда зауыттарымыз ең жоғары межеге жетті – 16,6 млн тонна мұнай өңделді. МӨЗ ұжымдарының жұмыла жұмыс істеуінің арқасында өңдеу көлемін ұлғайтып қана қоймай, жеңіл мұнай өнімдерінің шығару деңгейін едәуір арттырдық. Нәтижесінде елімізді қажетті отын көлемімен қамтамасыз еттік, – деді ҚМГ басшысы.

"2024 жылы өңдеу көлемі 17,45 млн тонна болса, 2025 жылы 18,16 млн тоннаны құрайды деп күтіледі. Негізгі жетістік – дизель отыны рекордтық деңгейде өндірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 млн тонна дизель отынын шығарылады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артық", – делінген ҚМГ таратқан хабарламада.
Автомобиль бензині бойынша да оң динамика тіркелді, өсім 400 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік берді.
Жеңіл мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша едәуір өсім тіркелді, олардың көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,6 млн тоннаға дейін өседі (2024 жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға көп). Операциялық тиімділіктің артуына байланысты Қазақстандағы ҚМГ тобы бойынша жеңіл мұнай өнімдерін шығарудың жалпы көрсеткіші 2025 жылы 78%, ал мұнай өңдеу тереңдігі 90% деңгейінде күтіледі.
Жиын барысында әр кәсіпорынның жұмыс нәтижелері қаралды:
- "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС сапа көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді: 2025 жылы өңдеу 6,23 млн тоннаны құрап, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,5% жетеді. Зауыт өндірістік қуатты 12 млн тоннаға кеңейту жөніндегі стратегиялық жобаға қатысты жұмысын жалғастыруда, бұл еліміздегі энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі факторына айналмақ.
- "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС (АМӨЗ) 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5,47 млн тоннаны өңдейді. Кәсіпорын жеңіл мұнай өнімдерін шығару көрсеткішін 77% деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. АМӨЗ жоспарлы алдын алу жұмыстарын сәтті аяқтап, өндіріс процесіне цифрлық шешімдерді жан-жақты енгізіп келеді.
- "Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС (ПМХЗ) жоспарлы алдын алу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, нарықты қосымша отын көлемімен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта кәсіпорын пайдаланудың жөндеуаралық кезеңін ұлғайту жөніндегі жобаны белсенді іске асыруда. Бұл шаралар кешені өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол жабдықтар мен негізгі тораптарды техникалық тұрғыдан жаңартуды, шикізат ағындарының конфигурациясын өзгертуді, сондай-ақ заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықтауды қамтиды. Биыл жұмыстың қорытындысы бойынша ПМХЗ 5,76 млн тоннаны өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 74% деңгейінде болады деп күтілуде.
- Жол-құрылыс саласын дамытуға "CASPI Bitum" БК" ЖШС елеулі үлес қосып келеді. Ауқымды жаңғыртудан кейін зауыт жылына 750 мың тонна битум шығаруға қауқарлы болды. Бүгінде кәсіпорын отандық компанияларды сапалы өніммен қамтамасыз етуде.
- Жиынға қатысушылар мұнай-газ химиясындағы жетістіктерге ерекше назар аударды. "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС (KPI) газ-химия кешені өндіріс көрсеткіштерін арттырып келеді: 2024 жылы 245,4 мың тонна өнім шығарылса, 2025 жылдың 11 айында ғана полипропилен өндіру көлемі 336,8 мың тоннаға жетті.
Жалпы, KPI іске қосылғалы нарықтағы жағдай түбегейлі өзгерді: Қазақстанның полипропилен бойынша импортқа тәуелділігі 2022 жылғы 63%-дан жыл соңына қарай болжамды 5% дейін төмендеді. Отандық зауыттың ішкі нарықтағы үлесі 70% асты, ал полипропилен түрлері 15 маркаға дейін кеңейді, соның ішінде премиум сұрыптары бар.
Жиын соңында Асхат Хасенов кәсіпорындарға үздіксіз әрі тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.