Биыл Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылдық құм өңдеу карьері іске қосылады. Сонымен қатар, ауылдағы кірпіш өңдеу зауытын ұлғайтып, 80 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ауылдық округ әкімі Ерлан Қабылтаев ауылдың өткен бір жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру кезінде мәлім етті.
"Қарасор КБК" ЖШС былтырдан бастап қызыл кірпіш өндіреді.Биыл аталған кірпіш өндіру зауытын екі есеге ұлғайтып, 80 адамды жұмыспен қамту ойымызда бар. Жыл соңына дейін мұнда 10-15 млн. дана кірпіш шығару жоспарланған. Серіктестік басшылығы бұл жұмыстарды "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы несие алып, іске асыруда. Құрылыс өнімдерін серіктестік басшылығы Қазақстанның бірқатар облыстарына жеткізуді және көршілес Ресей мемлекетіне экспорттауды жоспарлап отыр. Аталмыш серіктестік биыл 15-20 адамды жұмыспен қамтитын құм өңдеу карьерасын іске қосуды да қолға алмақ. Жалпы, бұл жердің топырағын жұрт "алтын құм" деп атап кеткен. Яғни, құрылыс материалдары үшін өте құнарлы. Сондықтан мұнда өңделген топыраққа сұраныс жоғары боларына сенімдімін, – дейді ауыл әкімі Ерлан Қабылтаев.
Ауыл әкімінің айтуынша, биыл жыл соңына дейін медицина саласының мамандары үшін екі тұрғын үй салынады. Онда ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға жұмысқа келген мамандар уақытша тұрады. Сонымен қатар, егін шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтар көктемде 200 гектар алқапты тамшылатып суару техникасы арқылы пайдаланып, картоп, сәбіз тұқымдарын отырғызбақ.
Айта кетейік, Құдайкөл ауылдық округінің құрамына Қарасор және Құдайкөл ауылдары қарайды. Мұнда 700-ден астам адам тұрады. Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген 8 млн. 55 мың теңгеге шағын футбол алаңы салынып, жастардың бос уақытын қамту үшін Құдайкөл ауылында хоккей корты іске қосылды.