Биыл ел экономикасына 10,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған. 2016 жылмен салыстырғанда бұл 8,6%-ға артық. Басым бөлігі өңдеу саласының үлесінде. Бүгін Астанада инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі бас қосуда инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров осындай ақпарды жеткізді.
Сырттан ақша тарту ісіне міндеттелген құрылым мен министрлік өкілдерінің бірі қалмай келген жиын дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған. Онда айтылған есепке қарағанда, соңғы 12 жылда Қазақстанға тікелей тартылған қаржы 250 млрд доллар шамасын құрапты.
Қазір Дүниежүзілік банк бірлестігімен ұлттық инвестициялық стратегия әзірліп жатыр. Бағдарлама 2018-2022 жылдары жүзеге асуы тиіс. Сондай-ақ, алдағы 2 жылда арнайы экономикалық аймақ аясында да 200 жоба қолға алынбақ. Оған 1 трлн теңге қарастырылып отыр. Әзірге тек 11 жоба ресми іске қосылған.