Салалар бөлінісінде шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі өңдеу өнеркәсібінде – 57,2%, саудада – 45,8%, тау-кен өнеркәсібінде – 27,1%, көлік саласында – 20,4%-ға артқаны байқалады.
Қазақстан экономикасына капитал ағынының өсуі барлық негізгі инвестор елдер бойынша тіркеліп отыр. Мәселен, ТШИ ағыны Нидерландыдан 3,3 млрд доллар (24,5% өсу), АҚШ – 2,1 млрд доллар (87,7% өсу), Швейцариядан – 1,3 млрд доллар (86,7% өсу), РФ-дан – 704,9 млн доллар (17,0% өсу), ҚХР-дан – 508,7 млн доллар (63,7% өсу), Бельгиядан – 459,5 млн долларр (4,3% өсу), Түркиядан – 388,7 млн доллар (79,9% өсу), Оңтүстік Кореядан – 233,0 млн доллар (33,1% өсу) құрады.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары инвестициялық белсенділікті Атырау облысы – 3,6 млрд доллар (15,4% өсу), Алматы қаласы – 3,0 млрд доллар (26,3% өсу), ШҚО – 1,3 млрд доллар (72,8% өсу) көрсетті. Оң динамика Павлодар облысында – 514 млн доллар (21,7% өсу), Қостанай облысында – 496,4 млн доллар (2,2 есе өсу), Ақтөбе облысында – 410,1 млн доллар (53,2% өсу), Нұр-Сұлтан қаласында – 308,6 млн доллар (10,2% өсу), Маңғыстау облысында – 302,9 млн доллар (98,8% өсу), Түркістан облысында – 137,8 млн доллар (85,1% өсу), Шымкент қаласында – 64,1 млн доллар (22,4% өсу) байқалып отыр.
"Ел экономикасына шетелдік капитал мен технологияларды тарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің басым міндеті. Ұлттық экономиканы одан әрі әртараптандыру және оның өсу орнықтылығын арттыру жөніндегі мақсат шеңберінде Үкімет тікелей шетелдік инвестициялар ағынының қарқынын жылына 30 млрд долларға дейін жеткізу және 2025 жылға қарай негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде", – делінген сайтта.