2022 жылы Қазақстанда шамамен 109 мың жеңіл көлік шығару жоспарда бар. Бұл туралы ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Олжас Сапарбеков айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, биыл бірінші тоқсанда 22 мың 239 автомобиль шығарылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,4% көп.
"2021 жылы ресми дилерлер жаңа автомобильдердің 65% сатты. B және С санатындағы отандық жеңіл көліктерді сату үлесі – 75%. 2021 жылдың қорытындысы бойынша экспорттық жеткізілімдер былтырғымен салыстырғанда 49% өсіп, 12 103 бірлік болды. 2020 жылы 8 123 автомобиль экспортталды. Бұл көліктер Ресей, Өзбекстан, Беларусьқа жіберілді", - деді Олжас Сапарбеков ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол әлемде автомобиль жетіспеушілігі барын, биыл Қазақстанда жеңіл көлік құрастыруда қиындықтар туындайтынын ашық айтты.
"Микрочиптердің немесе жартылай өткізгіштердің жетіспеушілігі, сонымен қатар әлемде автомобильдер мен компоненттерді жеткізу сынды мәселер бар. Сондықтан өндірушілер бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар квоталарды ұлғайту және кәсіпорындарымыз өндіре алатын компоненттер мен қажет қосалқы бөлшектерді жеткізу мәселелері бойынша серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Бұл қиындықтарға қарамастан өндірушілер биыл шамамен 109 мың жеңіл көлікті шығаруды жоспарлап отыр", - деді комитет төрағасының орынбасары.
Дәурен Ерболат