Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, де хабарлайды inbusiness.kz.
"Көрсетілген критерийлер бойынша электр стансалары рейтинг бойынша бөлінеді. Барлық 37 жылу орталығы бойынша әкімдіктермен бірлесіп алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша Жол карталары қалыптастырылады, олар министрліктің бақылауында болады", – деді министр.
Бұл ретте ол жылдың сәуір айының екінші жартысында атқарылған жұмыстар бойынша толығырақ баяндалатынын айтты.
"Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес электр станцияларында биылғы жылы 10 энергоблокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны жөндеу жоспарланған. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстары 1 энергоблокта, 2 қазандықта және 3 турбинада жүргізілуде. Қарағанды, Маңғыстау облыстарында электр станцияларының негізгі жабдықтарын жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмағанын атап өтеміз", – деді министр.
Электр желілері бойынша жалпы ұзындығы 25 мың шақырым электр беру желілерін, сондай-ақ 564 жоғары вольтты қосалқы стансаларды жөндеу жоспарланған.
Электр желілерін жөндеу мамыр айында басталады.