"Үшінші стратегиялық бағыт – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы – ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері. Бұл факторлар халықтың нақты табысына әсер етеді. Бұл бағытта министрлік жұмысының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды", - деп атап өтті министр.
Ведомство басшысының айтуынша, осы жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру мақсаты тұр.
"Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер негізінде келесі негізгі нысаналы контингент қалыптастырылады: екі және одан да көп жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар; жұмыс істемейтін жастар; денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істеуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Шараға қатысуға келісім берген азаматтардың ішінен өңірлерде жұмысқа орналасатын адамдардың тізілімі қалыптастырылады. Жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін осы контингентпен жұмыс істеуге бағдарланған өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітетін болады", - деді ол.