Биыл елімізде 3,6 млн оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды

622

Білім және ғылым министрі 2022 жылғы түлектерді мектеп бітіруімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Биыл елімізде 3,6 млн оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды

"Бүгінгі таңда оқушыларымыз білімімізді, елімізді халықаралық аренада лайықты танытып жүр. Мысалы, менің қасымда күні кеше ғана Франциядан оралған Дүниежүзілік гимназиаданың үш жеңімпазы тұр. Олар осы мектепте оқиды. Оқушыларымыз 86 медаль жеңіп алып, әлемнің 70 елінің арасынан озып шығып, 3-орынға ие болды. Ал жеңіп алған медальдардың саны артып келеді. Ал енді түлектер өмірдің жаңа кезеңін бастағалы тұр. Мектепті бітірсеңіз де, оқу мен ізденіс жолында ешқашан тоқтамау керек. Білім – ешқашан құнын жоғалтпайтын, құнсызданудан қорықпайтын байлық. Алда емтихандар күтіп тұр. ҰБТ ересек өмірдегі ең оңай емтихан екенін білсеңіздер екен. Ол үшін біз биылғы түлектерге бірқатар жеңілдік жасадық. Енді сіздер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грантқа үміткер бола аласыздар. Биыл Президенттің қолдауының арқасында гранттар санын көбейтіп отырмыз. Атап айтқанда, университеттерде оқуға 73 мыңға дейін және колледждерде оқуға 128 мыңға дейін грант бөлдік. Жалпы алғанда мемлекет сіздердің болашаққа сеніммен қарауларыңыз үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр", – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов түлектерге.

Сондай-ақ министр өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар мен ата-аналарға балаларға көрсетіп жүрген қолдаулары үшін алғыс айтты.

Жалпы биыл елімізде 3,6 млн оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Оның ішінде 170 мыңнан астам 11 (12) сынып түлектері, 302 мыңнан астам 9-сынып оқушылары. "Алтын белгі" төсбелгісіне 8 139 үздік оқушы үміткер. Сондай-ақ биыл 393 мыңнан астам оқушы 1-сыныпты аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу