Биыл елімізде 69,9 мың баспана салынды

792

Биыл елімізде  69,9 мың баспана салынды

Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 591,3 млрд теңге инвестиция жұмсалды. Оның 108,4 млрд теңгесі мемлекет инвестициясы. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.

"7,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға артық. Бағдарламаның жылдық жоспарына орай тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 78,2%-ға орындалды. Барлығы 69,9 мың баспана салынды",-деді Жеңіс Қасымбек үкімет отырысында.

Оның айтуынша, биыл жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 25 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 936 пәтердің (311,3 мың шаршы метр) құрылысы басталған. Оның  ішіндегі 2 697 пәтер (150 мың шаршы метр) биыл пайдалануға берілетін болады. Қазіргі уақытта Атырау мен Жамбыл облыстарында 78 пәтер (4,9 мың шаршы метр) пайдалануға берілді. Қалғаны жоспар бойынша жылдың соңына дейін тапсырылмақ.

"Жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған 60 мың жер учаскесіне, оның ішінде бұдан бұрын берілген 35,8 мың және жаңа 24,8 мың учаскеге инженерлік коммуникация тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жеке тұрғын үй құрылысының қанатқақты жобасы  аясында 6 өңірде бірыңғай сәулеттік стильде 1975 үйдің (219,3 мың шаршы метр) құрылысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 362 үй биыл пайдалануға беріледі",-деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу