Вице-министр теміржол вокзалдарын жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, жобаның тапсырыс берушісі – "Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясы, ал мердігер ұйымдар жергілікті атқарушы органдардың ұсынысы бойынша таңдалған.
Қазіргі таңда 100 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қыс мезгіліне дайындық қамтамасыз етілген: жолаушыларға арналған уақытша құрылыстар мен күту аймақтары әзір.
Жалпы 124 вокзалдың 121-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған 3 нысан тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми зерттеулерден өтуде, бұл вокзалдарға жөндеу жұмыстары 2026 жылы жоспарланған.
Вице-министрдің мәліметінше, вокзалдардың шамамен 70%-ы соңғы 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Техникалық тексеру нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен конструкциялар жарамсыз деп танылып, 42 нысан толықтай бұзылған.
"Бұл өз кезегінде жұмыс көлемін арттыруға және құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу мерзімін кешіктірілуіне ықпал етті. Алматы, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында жұмыстардың орындалуы 50 пайыздан жоғары. Орташа құрылыс қарқыны Қызылорда, Жамбыл, Атырау, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Кейбір вокзалдарда құрылыс қарқыны төмен, орындалу деңгейі 30 пайызға дейін. Артта қалу себептері – жұмыс фронтының уақытылы берілмеуі, техникалық тапсырмалардың "ҚТЖ" тарапынан кешіктірілуі және мердігер ұйымдар ресурстарының жеткіліксіздігі", – деді Мақсат Қалиақпаров.
Биыл 80-нен астам вокзал пайдалануға беріледі.