Биыл елімізде мұнай өндіру көлемін 86 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған

1502

Энергетика министрлігі 2021 жылға "қара алтын" өндіру бойынша болжамын өзгертті.  

Биыл елімізде мұнай өндіру көлемін 86 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған

Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев кеңейтілген алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

Пандемиядан ең көп зардап шеккен салалардың бірі мұнай өңдеу екенін айтқан ведомство басшысы бірден көрсеткіштерге тоқталды.

"2020 жылдың қорытындысы бойынша мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті. 2021 жылдың қаңтар айында қолданылған шектеулерді ескере отырып, ең пессимистік сценарий бойынша 2021 жылға арналған болжамды өндіру көлемі – 83,4 млн тонна болатын. Алайда бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келуі байқалуда. Сондықтан 86 млн тонна өндіру жоспарлануда", – деді Нұрлан Ноғаев. 

Жалпы былтырғы жылы шетелге 68,5 млн тонна мұнай экспортталған. Ал 2021 жылға арналған жоспар – 67,5 млн тоннаны құрады. 

"2020 жылы 15,8 млн тонна мұнай өңделді. 2021 жылға арналған жоспар – 17 млн тонна. Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2020 жылдың қорытындысы бойынша 11,8 млн тоннаны құрады. Биылғы жылға арналған жоспар- 12,4 млн тонна", – деді ведомство басшысы.

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу