Мұндай сүйінші жаңалықты Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның сөзінше, Қазақстанның металлургия саласы өнімінің көлемі 14 триллион теңгеден асқан. Кен өндіру 7,8%-ға, металдар өндірісі 6,9%-ға өсіп отыр.
– 2025 жылы мыс өңдеуді екі есеге, алюминийді 50%-ға, қорғасынды екі еседен астам ұлғайту, сондай-ақ мырыш өндірісін 11%-ға арттыру жоспарлануда, – деді ол.
Жалпы ЖІӨ-дегі тау-кен металлургия кешенінің үлесі – 8%. Өнім көлемі 14 триллион теңгеден асса, салада 224 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Былтыр металлургия саласына 1,7 триллион теңгеден астам инвестиция салынған.
– Отандық кәсіпорындарды негізі металдармен қамтамасыз ету шарасы орташа және жоғары өнімдерді өндіретін кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайтуға мүмкіндік беруде. Нәтижесінде катанка, кабель өнімдері, аккумулятор, терезе профильдері мен жиһаз фурнитураларының және басқа да тауарлардың өңдірісі ұлғаюда. Сондай-ақ, жылыту радиаторларын өндірістік аккумуляторлар мен латунь бұйымдарын өндіретін жаңа жобалар іске қосылды, – деп нақтылай түсті вице-министр.
Еске салайық, мыс кенін өндіру Айдарлы, Көксай және Бенқала секілді жаңа ірі кен іске қосу арқылы арта түспек. Ал темір кенін өндіру ішкі сұраныстың өсуінен және жаңа жобалардың қосылу есебінен 40%-ға немесе 52 миллион тоннаға дейін көбейеді.