Биыл ШҚО-да күн, жел және су электр стансаларының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және өңдеу мәселелері шешілуде. Бұл туралы Даниял Ахметов халық алдындағы есебінде айтты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
2017 жылы облыста 112% өсіммен 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы нәтиже одан да жоғары болатынын жеткізді Даниал Ахметов.
"Біз тұрғын үй құрылысының көлемін жыл сайын 15-20 пайызға арттыруға дайынбыз. 2018 жылы 399,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бірыңғай сәулет стилінде салынатын шағын аудандардың құрылысы бойынша жұмыстар басталды. 11 жоба әзірленіп, құрылысқа жауаптылар анықталды", - деді облыс әкімі.
Облыс, жалпы ел үшін ең маңызды бағыт - денсаулық сақтау жүйесі. 2017 жылы аталған саланы дамыту аясында үш жылдық стратегиялық жоспар дайындалды. Биыл облыс бюджетінен ол үшін 3,8 млрд теңге бөлінеді.
"Инновацияның озық үлгісі ретінде Өскемен қаласындағы 1-ші қалалық аурухана базасында ел ішіндегі бірегей "Робот техникалық хирургия және трансплантология орталығы" ашылды. Қазақстандағы жалғыз гематологиялық орталықтың құрылысын бастау үшін қажырлы жұмыс жүруде", - деді Даниал Аxметов.
Сондай-ақ, "Digital East" (Цифрлі Шығыс) жобасы аясында Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғырту қолға алынды. 15 жылға дейін кепілі бар 25 мың шам ауыстырылады. Жылдың бірінші жартысында "Қауіпсіз қала" жүйесін іске қосу басталады. Бұл үшін 4 мың бейне бақылау камерасы орнатылады.