Биыл еліміздің медициналық авиациясы шетелдік клиникалардан 9 азаматты тасымалдады

554

2022 жылдың 7 айында Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы командасы 1 369 рет (оның ішінде 303 тікұшақпен, 1 066 ұшақпен) науқастарға шұғыл көмекке ұшқан, деп хабарлайды inbusiness.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Биыл еліміздің медициналық авиациясы шетелдік клиникалардан 9 азаматты тасымалдады

"2 431 пациентке медициналық көмек көрсетілді, 2 831 медициналық қызмет орындалды, 1 375 науқас (48,6%) медициналық ұйымдарға жеткізілді, 69 консультация жүргізілді (2,4%), 128 ота (4,5%), 1259 (44,5%) қашықтықтан медициналық қызмет (ҚМҚ) ұйымдастырылды. Донорлық органдарды тасымалдау үшін 2 маман жөнелтілді", – деп жазылған хабарламада.

7 айда медициналық авиация отандық медициналық ұйымдарда емделуді жалғастыру үшін шетелдік клиникалардан Қазақстанның 9 азаматы тасымалданған.

"Мысалы, ағымдағы жылдың шілде айының басында алты жасар бала Санкт-Петербург қаласындағы клиникаға ес-түссіз жеткізілді. 3-қабаттан құлағаннан кейін ауыр жарақат алған бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Ота жасалып, жағдайы тұрақталғаннан кейін травматологиялық бөлімге ауыстырылды. Одан әрі медициналық көмек алудың шұғыл қажеттілігіне байланысты баланы ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласының Көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізу туралы шешім қабылданды", – дейді ДСМ-нен.

Сондай-ақ 16 шілдеде кішкентай пациентті тасымалдау мақсатында Нұр-Сұлтан – Санкт-Петербург – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша әуе кемесімен рейс орындалған. Бүгінгі таңда бала ем алып, оңалтудан өтуде.

16 маусымда ер адам Сеул қаласындағы клиникаға ауыр халде түсті. Ол комада, өкпені жасанды желдету аппаратында болды. Ерлі-зайыптылардың өтініштері негізінде науқас медициналық авиация күшімен Өскемен қаласының облыстық ауруханасына жеткізілген.

Айта кетері, шұғыл медицина мамандарына қойылатын талап жоғары. Өйткені олар ұшуда да, жерде де кәсіби көмек көрсетіп, науқастың өмірін қамтамасыз ету функцияларын үнемі қадағалап отыруы керек. Сондықтан дәрігерлердің 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі, сондай-ақ "Жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек" немесе "Анестезиология және реанимация" мамандығы бойынша сертификаты болуы керек.

Фельдшерлердің "Емдеу ісі", "Фельдшер", "Жалпы практикадағы фельдшер" мамандықтары бойынша кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу