Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биылғы оқу жылы елорда мектептерінде шамамен 264 мың оқушы білім алып жатыр, оның 11 230-ы 11-сынып түлектері. Балалардың бос уақытын белсенді және сапалы өткізуді қамтамасыз ету үшін жазғы сауықтыру лагерлерімен және ойын алаңдарыменқамтуды ұлғайту үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Жазғы кезеңде аталған шаралармен 1–10 сыныптың 200 мыңнан астам оқушысын, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 11 мың баланы қамту жоспарланып отыр. 173 демалыс лагері, оның ішінде 97 мектеп жанындағы, 75 бейіндік және 1 қала сыртындағы демалыс орталығы жұмыс істейтін болады", - деді елорда басшысы.
Әкімнің дерегінше, аз қамтылған отбасынан шыққан 7 мыңнан астам бала қала сыртындағы демалыс лагерьлеріне баруға мүмкіндік алады.
"Елордада 13 қосымша білім беру ұйымының базасында 4,2 мың баланы қамтумен, күндізгі демалыстың тақырыптық лагерьлері, сондай-ақ қолданбалы өнер, шет тілдерін үйрену, жүзу бойынша қысқа мерзімді хобби-клубтар жұмыс істейтін болады. Балаларды бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға тарту үшін белсенді және интеллектуалды спорт түрлері бойынша 1183 балалар секциясы жұмыс істейді", - деді Жеңіс Қасымбек.