Кеше, 1 маусымда Астананың 164 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты іс-шаралар өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
"Бүгін соңғы қоңырау кеші өтіп жатыр. Мектеп бітіргенімізге де 11 жыл өтіпті. Достарымды, ұстаздарымды қимай тұрмын. Мен биология пәнін таңдап, медицина саласына оқуға түскім келеді. ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетіп те жүрмін. Алдағы мақсатым – "Алтын белгіні" қорғап, грантқа оқуға түсу", – дейді № 8 мектеп-лицейінің түлегі Данияр Абдушукуров.
Сондай-ақ салтанатты жиынға ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы №8 мектеп-лицейіне барып, түлектерді құттықтады. Оларға сәт-сапар тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
"Мен 11 "ә" сыныбының жетекшісімін. Биыл мектепті 45 түлек аяқтап жатыр. "Алтын белгіге" үш үміткеріміз бар. Әр оқушы мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам баспақ. Оқушыларымды қимай да тұрмын. Оларға өмір жолында сәттілік тілеймін! Алдағы белес ҰБТ-дан сүрінбей өтіп қалаған мамандықтарына түссе екен деген тілегім бар", – дейді № 8 мектеп-лицейінің мұғалімі Маржан Тәбешова.
Айта кетейік, маусымның алғашқы онкүндігінде 9-сынып түлектері қорытынды емтихан тапсырады. Ал 11-сынып бітірушілері үшін мемлекеттік емтихандар маусымның 5-19 аралығында өтеді.
22 маусым күні түлектерге аттестат берілсе, жазғы лагерьлер 5 маусымнан басталады.