Биыл Елордадағы Наурыз мерекесінде 200-ге тарта шара өтеді

502

Елорда әкімдігі Әз-Наурызда ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше ден қоймақ. Қаладағы барлық ауданда түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді.  

Биыл Елордадағы Наурыз мерекесінде 200-ге тарта шара өтеді Фото: gov.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласы мәдениет басқарма басшысының орынбасары Нұран Камзин Наурызға тойлауға жоспарларымен бөлісті, деп жазады inbusiness.kz.

Ең ауқымды шара әдеттегідей "ЕХРО" халықаралық көрме орталығында отандық және шетелдік қолөнершілердің қатысуымен "Көшпелі өркениет" фестивалі өтеді. Бүгінде мерекелеу тұжырымдамасы әзірленіп, сахналық алаңдар дайындалып жатыр.

"21-22 наурыз 11:00-ден 16:00-ге дейін елордамыздың Орталық алаңында, "Қазақ елі" монументі, "Бәйтерек" монументінің жанындағы алаңда, елордалық саябақ пен EXPO алаңының аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың 5 ауданында 30-дан астам мерекелік концерт өтеді. 21-22 наурыз күндері сағат 12:00-ден бастап аудан Алматы ауданының 12 тұрғын үй алабында және Байқоңыр ауданында 8 тұрғын алабында, Сарыарқа ауданының 4 алаңында, Есіл ауданында 4 алаң, сонымен қатар Нұра ауданында 4 алаңда мерекелік шаралар өтеді", - деді Нұран Камзин.

14 наурыз – Көрісу күніне орай, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында "Сол бір кез" ретро концертін, "Жастар" сарайында "Наурыз Jaz Zhiger" Жігер ансамблінің концерттік бағдарламасын, Астана Опера театрының К.Байсейітова атындағы камералық залында "Тал бесіктен – жер бесікке" концертін өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Музыкалық жас көрермен театрында, "Жастар" театрында, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында қойылымдар өткізіледі.

Ал 15 наурыз күні елордада қайырымдылық күнін өткізу жоспарланып отыр. Мәселен, Алматы ауданында коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бауырсақ, мерекелік сусын – Наурыз көже үлестірілмек. Сол сияқты "Жанашыр" қарттар үйінде, №2 көпшілік кітапханада, Қуыршақ театрында, "Жастар" театрында Нұра ауданында түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр.

Бұл күні сағат 19:00-де Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда "Наурыз айы туғанда" концерті өтеді.

Сонымен қатар, 180-ге жуық мұқтаж адамға азық-түлік себеті тапсырылады. Сол сияқты "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы волонтерлері тарапынан тұрғындарға бауырсақ пен шоколад таратылатын болады.

16 наурыз мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналып отыр. Осы күні музыкалық мектептерде, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында, ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ұлттық танымдық іс-шаралар өтеді. Ал Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда сағат 17:00-де "Жетісу әуендері" концерті, Қуыршақ театрында 12:00-де және 16:30-да "Ер Төстік" қойылымы, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Оралхан Бөкейдің "Ауыл хикаялары" драмасы ұйымдастырылып отыр.

Осы күні қаланың жұрт көп жиналатын орындарында Наурыз мейрамына арналған түрлі мерекелік іс-шаралар, флешмобтар өтеді.

17 наурызда елордада Шаңырақ күні, яғни отбасылық құндылықтардың рөлі насихатталады. Осы күні сағат 17:00-де "Бәйтерек" монументі алдында ұлттық киім киген жастардың некелерін қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналар бата береді. Сол сияқты сағат 19:00-де Музыкалық жас көрермен театрында "Ғашық-Жүрек" поэтикалық-музыкалық қойылымы және отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында театр қабырғасында отау құрған 14 жұппен кездесу ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, "Жастар" театрында сағат 19:00-де Б.Соқпақбаевтың "...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық..." қойылымы, Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Оралхан Бөкейдің "Ауыл хикаялары-2" драмасы өткізіледі.

Ал перинаталдық орталық пен ауруханаларда жаңа туған сәбилердің ата-аналарын құттықтау іс-шаралары өтеді.

18 наурыз күні елордада ұлттық киім күні атап өтіледі. "Sana" қосымша білім беру орталығында ұлттық киімдердің көрмесі, оқушыларға арналған ұлттық киімдердің тарихы мен идеологиясы туралы насихат сағаттары ұйымдастырылады. Сол сияқты "Атамекен" Қазақстан картасы Мемлекеттік бас туының алдында Мәдениет қайраткерлерінің, танымал өнер жұлдыздарының, театр әртістерінің қатысуымен "Ұлттық киім күні" тақырыбына арналған челленджі өтеді.

19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күні сағат 19:00-де Бейбітшілік пен келісім сарайында ұлттық құндылықтарды дамытуға және танымал етуге елеулі үлес қосқан еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлерін марапаттауға арналған "Наурыз Ұлттық сыйлығы" өтеді. Сол сияқты Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында Қанат Жүністің "Алаш жолы" драмасы қойылады.

20 наурыз – ұлттық спорт күні. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда Мәдениет басқармасына қарасты мекемелер қызметкерлерінің арасында тоғыз құмалақтан турнир өткізілсе, Арғымақ кешенінде сағат 10:00-15:00 аралығында Ұлттық спорт түрлерінен (аударыспақ, тенге ілу, қыз қуу, көкпар, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ) жарыс ұйымдастырылады.

21 наурыз – ынтымақ күні. Қалалық алаңда, ЭКСПО аумағында, "Қазақ елі" монументінің алаңында, "Бәйтерек" монументі алаңында, Орталық парк және қаланың шеткі аумақтарында Наурыз – береке бастауы іс-шаралары ұйымдастырылса, Халықаралық көрме орталығында көшпелі өркениет фестивалі және Ататүрік саябағында "Қош келдің, Әз-Наурыз" театрландырылған қойылым, қаланың орталық алаңында "Рухты тіл, қазыналы дәстүр" бесік жыры байқауы өтеді.

Сондай-ақ, Қуыршақ театрында, Музыкалық жас көрермен театрында, Жастар сарайында түрлі қойылымдар қойылады.

23 наурыз – тазару күні. Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында А.Елгезектің "Болмаған балалық шақ" драмасы жұртшылыққа жол тартады. Сонымен қатар, "Байқоңыр" және "Сарыарқа" аудандыраныда қала тұрғындарының қатысуымен тазалық акциясы өткізілетін болады.

Астанада 23 наурыз күні "Жер Сағаты" сағат 20:30-дан 21.30-ға дейін өткізіледі халықаралық экологиялық акциясы өткізіледі. "Жер сағаты" – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) қамқорлығымен жыл сайынғы халықаралық өткізілетін оқиға, оған бүкіл әлемнен 2 млрд-тан астам адам қатысады. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.

23 наурызда "Тазалық эстафетасы" аясында елордада "Тазару" жалпы қалалық экологиялық акциясы өткізіледі. Акция аясында аулаларды қар мен қоқыстан тазарту жоспарланып отыр.

Нұра ауданының бастамасымен елордада "Армандар шаңырағы" әлеуметтік акциясы басталды. Оның аясында елордалық меценаттар мен кәсіпкерлер Нұра ауданының 70 баласының арманын орындайды. Олар балаларға 21 наурызға дейін сыйлықтар табыстайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу