Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында газдандыруды жүргізу барысы туралы айтып берді.
"Таяу жылдары елорда толықтай газға қосылады. Қалаға газ желісін жүргізу экологияны біршама жақсартуға септік етеді, себебі жеке сектордағы тұрғындар үйлерін енді көмір жағып жылытпайтын болады, сонымен қатар қауіпсіздік те арттырылып, азаматтардың тұрмыс жағдайы жақсарады.
Бүгін қаладағы газ жүргізу жұмыстарының барысымен таныстым. Көктал-1 елді мекені толығымен газға қосылды. Ол үшін шағын ауданда 70 км газ тарату желілері салынды. Тек осы елді мекеннің өзінде ғана 2600 үй газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Газды үйінің ішіне дейін тартып алған Көктал-1 елді мекені тұрғындары газ қостыру үшін "ҚазТрансГаз" АҚ-ға хабарласуы керек.
Одан бөлек, Оңтүстік-Шығыс, Агрогородок (жарты бөлігі 2020 жылы қосылмай қалған еді), Өндіріс елді мекендерінде газ тарату желілерін салуды жалғастыра береміз. Сонымен қатар "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерін салуда.
Осылайша аталған елді мекен тұрғындары жаңа жылыту маусымында үйлерін газбен жылыту мүмкіндігіне қол жеткізеді.
Газдандыру үдерісі кестеге сай жүргізілуде. Мысалы, өткен жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2 елді мекендері мен Агрогородок елді мекенінің бір бөлігі газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ол кезде біз 345 км ішкі квартал желілерін салғанбыз. Ал биыл тағы 317 км саламыз, соның ішінде 170 км желі алғашқы жартыжылдықта салынды.
Газдандыру басталғалы бері үйді газбен жылытуға көшіру бойынша аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек беру механизмдері енгізілді. Әлеуметтік көмектің осы түрін алуға өтінімді egov.kz электронды үкімет порталы арқылы беруге болады ("Электрондық өтініштер" - "қызметке онлайн тапсырыс беру". Мазмұн жазылатын бағанда "Тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек" дегенді, алушы деген бағанда "Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау" дегенді басу керек).
Сонымен қатар былтыр газға тариф бағасы төмендетілді: бір текше метр газ бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін арзандады(бұрын бір текше метр үшін 60 теңге белгілеу туралы айтылған). Жеке сектор тұрғындары үшін біз есептегіш құралдарды тегін беруді қарастырдық.
"Halyk bank" АҚ және "ECOLER" қауымдастығымен бірге үйлерді газға көшіру бойынша азаматтарға пайызсыз несие беру ісін ұйымдастырдық.
Сондай-ақ жылу электрлік орталықтарын жаңғыртуды жалғастырып жатырмыз. 1-ЖЭО және 2-ЖЭО бойынша төрт су жылыту қазандығы газға көшірілді, осы жылдың соңына дейін басқа да қазандықтарды газбен жылытуға көшіреміз.
Газдандыру - Елбасының стратегиялық жобасы. "Сарыарқа" магистралдық газ құбыры Орталық Қазақстан мен елорданы елдің бірыңғай газ көлік желісімен қосады.
Бұл үдеріс Мемлекет басшысының тікелей бақылауына алынған", — деп жазды елорда әкімі.