Бұл туралы ІІМ өткен брифингіде Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Ішкі істер министрлігі халықтан заңсыз сақталған қау-жарақтарды сатып алу бойынша республикалық акцияны биыл 10 сәуірден бастады, оны өткізуге республикалық бюджеттен 88 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
Азаматтардың заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсыру тәртібі Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 266 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес жүргізіледі", – деді Әкімшілік полиция комитеті Қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы.
Осы Қағидаларға сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады.
"Өтінішті тікелей полиция органдарының кезекші бөлімдеріне беруге болады немесе телефон арқылы жүгінген кезде, аталған заттардың орналасқан жеріне барлық қажетті іс-шараларды жүргізетін полиция қызметкері жолданады.
Қару мен жарылғыш заттар, оның құрамдас бөліктері адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретіндіктен, оны ұқыпсыз қолдану ауыр апатты зардаптарға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты қаруды алған кезде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігіне көңіл бөлу керек.
Табылған қаруды бөлшектеу, сындыру және тасымалдаудың қажеті жоқ. Бұл мақсатта бізде арнайы оқытылған қызметкерлер мен техникалар бар", – деді Асылбек Ыдырысов.