Биыл Павлодар облысында 2800-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алатын болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Өткен жылы аталған көмекті 1600-ден астам отбасы алды. Бұл 7 мыңға жуық адамды құрайды. Біз өткен жылғы атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бергендерге сараптама жасадық. Олардың арасында өтініш беріп, қол жеткізе алмағандары бар. Сараптама қортындысына сәйкес, былтырғы өтініш бергендерді есепке ала отырып биыл 2800 отбасы немесе 10 мыңға жуық адам бұл көмекті алады деп болжануда" , – деді Қайрат Нұрмағамбетов.
Атаулы әлеуметтік көмекке үміткерлер ХҚКО-ға жеке куәлігімен ғана келіп өтініш бере алады. Өзге құжаттар ақпараттық жүйе арқылы алынады.
"Бұл көмекті табысы төменгі күн көріс деңгейінің 70 пайызынан аз отбасылар ала алады, - деді басқарма басшысы. Көмек отбасылық табыс артқанға дейін төлене береді. Отбасының еңбекке жарамды мүшесін жұмыспен қамти аламыз. Жұмысқа орналасқаннан кейін келесі тоқсанда қайта құжаттар тапсырады. Егер табысы төменгі күн көріс деңгейінің 70 пайызынан аспаған болса көмек беру жалғаса береді", – деді басқарма басшысы.
Еске салайық, Павлодар облысында атаулы әлекуметтік көмекті есептеу кезінде отбасының жеке аула шаруашылығының кірістері есепке алынбайды. Әлеуметтік көмектің Бірыңғай пакетін және аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдау шараларын жүзеге асыру мақсатында өңірде 406,6 млн теңге бағыттау жоспарланған.