Биыл есірткі жарнамалаған 4 мыңға жуық интернет ресурс бұғатталды

1516

Қазақстан аумағында сатуға және қолдануға тыйым салынған 88 атаулы синтетикалық есірткінің тізімі жасақталуда. 

Биыл есірткі жарнамалаған 4 мыңға жуық интернет ресурс бұғатталды

2019 жыл басталғалы еліміз бойынша есірткі жарнамалаған 3766 интернет ресурс анықталып, бұғатталды, деп хабарлайды elorda.info.

"Биыл жалпы саны 3766 есірткі жарнамалаған сайт анықталып, жабылды. Одан бөлек, есірткі жарнамалаған 1100  граффити стиліндегі сурет табылды. Бүгінде олардың тізімі ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жіберіліп бұғатталды. Ал суреттерді жою жұмысына жастар мен еріктілер тартылуда. Көп адамдар көшедегі кейбір суреттерде есірткінің жарнамаланып тұрғанын аңғара бермейді. Ал жауапқа тарту мәселесіне келсек, ғимараттарға сурет салғандар ұсталған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылады, ал сайт арқылы есірткі жарнамалағандар мен сатқандар қылмыстық жауапқа тартылады", – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма басшысының орынбасары, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.

Оның айтуынша, өткен жылдың соңында бекітілген есірткі қылмысына қарсы күрес туралы жаңа заңнама биыл өз күшіне енеді.

"Заңнамамен қатар есірткі бизнесіне қатысы бар тұлғаларға қарсы жаза түрлерін қатаңдату қолға алынуда. Бұл тұрғыда бүгінде арнайы жоба әзірлену үстінде. Аталған жобаның аясында Қазақстан аумағында сатуға және қолдануға тыйым салынған 88 атаулы синтетикалық есірткінің тізімі жасақталуда. Одан бөлек, біз оқушылар мен жастар арасында есірткіге қарсы профилактикалық шараларды жиі өткіземіз. Себебі, оның торына оңай түсетін алдымен жасөспірімдер. Тағы бір айта кететін жайт, бүгін бір сайтты жапсақ, ертеңінен жаңасы ашылады", – дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу