Конкурсты Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ғылымды дамытудың сегіз басым бағыты бойынша іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша жариялады, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі
Гранттық қаржыландырудың дәстүрлі түрлерімен қатар жаңа түрлері де енгізілді.
Біріншіден, жеке немесе бес адамға дейінгі зерттеу топтарының жекелеген ғылыми міндеттерді шешуіне бағытталған, мерзімі 12 айға дейінгі шағын гранттар.
Екіншіден, шетелдік ғалымдармен және ғылыми ұжымдармен ынтымақтастық аясында ірі ғылыми мәселелерді шешуге бағытталған 27 ай мерзімге берілетін халықаралық коллаборацияға арналған гранттар.
Айта кетерлігі, биыл ғылыми жобаларға арналған гранттардың жаңа түрлері қарастырылған. Сонымен қатар, ғылымның нәтижелі болуын арттыру мақсатында ғылыми жетекшілер мен ғылыми және ғылыми-техникалық жобалардан күтілетін нәтижелерге қойылатын талаптар да артты.
Конкурстық өтінімдер 2020 жылғы 11 мамыр мен 26 маусым аралығында https://is.ncste.kz сілтемесі бойынша "ҰМҒТСО" АҚ ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде қабылданады.