Биыл Ислам Даму Банкінің қолдауымен елдің оңтүстігінде 103 канал цифрландырылады

146

Су ресурстары және ирригация министрлігінде 2025 жылғы жұмыс қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар айқындалды.

Биыл Ислам Даму Банкінің қолдауымен елдің оңтүстігінде 103 канал цифрландырылады Фото: Үкімет

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53 инфрақұрылымдық жоба аяқталды. Оған 677 шақырым ирригациялық жүйелерді салу, реконструкциялау және тазалау, 4 су қоймасын қайта жаңғырту, 15 топтық су құбырын салу және жаңғырту, сондай-ақ 3 гидротехникалық нысанды реконструкциялау жұмыстары кіреді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2025 жылы жаңа Су кодексі күшіне енді. Сонымен қатар, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойды.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен 46 жоба аяқталып, 502 шақырым канал реконструкцияланды. Ислам Даму Банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында жоспарланған 635 шақырым каналдың шамамен 600 шақырымы қайта жаңғыртылды.

Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізінің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жоба әзірленді. Бұл жоба Арал-Сырдария бассейнінің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді.

2026 жылы Ислам Даму Банкінің қолдауымен елдің оңтүстігінде 103 канал цифрландыру жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, суару суын беру бойынша электронды келісімшарттар жасауға арналған биллинг жүйесі пилоттық режимде енгізілуде.

"Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл экономиканың негізгі салаларында цифрлық трансформацияны жеделдету қажеттігін тағы да айқындайды. Осыған байланысты жоспарлаудан нақты іске көшу, қарқынды арттыру, табысты пилоттық шешімдерді кеңейту және биыл Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін пайдалануға енгізу қажет. Кемінде 3,5 мың шақырым канал цифрландырылуы тиіс, ал 2028 жылға дейін барлық каналдар толық цифрлық форматқа көшірілуі керек", – деп тапсырды Қанат Бозымбаев.

Қазіргі таңда ел бойынша 277 елді мекен немесе 514 мың адам орталықтандырылған сумен қамтылған, оның ішінде бұрын ауыз суға қол жеткізе алмаған 73 елді мекен бар.

Өткен жылы жоспарланған 9 жобаның орнына 15 топтық су құбырын реконструкциялау және жаңғырту жобасы аяқталды. 2026 жылы тағы 12 жобаны аяқтау көзделіп отыр, бұл шамамен 540 мың халқы бар 142 ауылды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

"Елде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер аясында Конституцияның жаңа редакциясы ерекше маңызға ие. Су саласы қызметкерлері үшін бұл өзгерістер су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, қоршаған ортаны қорғауға және халық пен экономиканы тұрақты сумен қамтамасыз етуге берік құқықтық негіз қалыптастырады. Біздің негізгі стратегиялық міндетіміз – елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді, тұрақты әрі бейімделгіш су ресурстарын басқару жүйесін қалыптастыру", – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер министрлік басшылығына талқылау барысында көтерілген барлық мәселелер мен проблемалық бағыттарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Оның ішінде заңсыз су айналымымен күрес, су үнемдеу технологияларын енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту шаралары бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу