Биыл қанша ұлттық фильм прокатқа шығады?

217

13 киножобаны прокатқа шығару жоспарланған. 

Биыл қанша ұлттық фильм прокатқа шығады? Фото: Хайтек

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов ұлттық киноны қолдау мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2025 жылғы бюджетте ұлттық фильмдерді дамытуға, қолдауға 3,7 млрд қарастырылып отыр. Аударманың өзіне 1 млрд-тан асады. 2024 жылы қанша ұлттық фильм елге жетті және одан қанша пайда түсті? Егер одан ешқандай пайда түспесе, елге жетпесе, ондай шығындардың қажеті қанша? Қазақ анимациялық мультфильмдерін дамыту қалай жүріп жатыр? Олардың контентін толтыру, көрерменін ұлғайту дегендей", - деп сұрады мәжілісмен.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше, 2024 жыл бойынша 13 киножобаны прокатқа шығару жоспарланып отыр.

"Онымен қоса 2 деректі фильм және 3 анимациялық фильм бар. Бұл ретте бұған 3 млрд-тан астам қаражат бөлінді. Жалпы айта кететін жайт, бұрын нақты жобаларды алатын болсақ, биылдан бастап іріктеу ережесі түбегейлі өзгерді. Біз жобаларды емес, сценарийлер байқауын өткізіп, сол байқаудың нәтижесінде туындылар шығады. Жалпы халыққа жақсы жаңалықтар болады деп сенімдімін. Анимацияға келетін болсақ, шынымен де сіз айтқан 1 млрд теңгеге үш бағытқа бөлінеді. Біріншісі – дистрибьюция. Біздің 4 туынды шетелге прокатқа шықты. Екіншісі – дубляждау мәселесі. Мұнда өзінің қиындықтары бар. Біздің тарапымыздан бекітілген ережелерге сәйкес келетін, байқауларға қатысатын ұйымдарды таба алмадық. Қазір ережелерді өзгертіп жатырмыз. Үшіншіден, қазақ анимацияға қатысты дұрыс айтасыз. Балалар контенті өте тапшы, сондықтан біз мұнда екі бағытта жұмыс істеп отырмыз. Біріншісі "Қазақфильм" арқылы, екінші бағыт телевизиядағы "Балапан" телеканалының өнімдері және басқа да жекеменшік ұйымдармен бірлесіп арнайы жобалар жасап жатырмыз", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу