Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында қант қызылшасының рекордтық өнімі күтіліп отырғанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Айдарбек Сапаров дәнді дақылдарды жинаудың аяқталуына байланысты ауыл шаруашылығы техникасы майлы дақылдарды жинауға көшірілгенін жеткізді.
"Бүгінде майлы дақылдарды жинау 1,9 млн га немесе егістік алқабының 66%-ында жүргізілді, жалпы майлы тұқымдар көлемі 2,1 млн тоннаны құрап, орташа өнімділік 10,7 ц/га болды. Сондай-ақ картоптың жалпы түсімі 2,8 млн тоннаны құрап, өнімділік 236 ц/га болды. Көкөніс дақылдары 3,8 млн тонна жиналып, өнімділік 309 ц/га құрады. Биыл қант қызылшасының рекордтық өнімі күтіледі. Қант қызылшасы 10 мың га немесе 40%-ы жиналып, өнімділік 540 ц/га құрады, барлығы 549 мың тонна жиналды", - деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері жаңа өнімді қант зауыттарына жеткізу мәселесін қарастырып, әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісінің жинау кестесіне сәйкес қызылшаны қабылдау кестесін жасаған. Өңдеуге 432 мың тонна қант қызылшасы жеткізілген.
"Күріш жинау толығымен аяқталып, өнімділік 57 ц/га құрады, барлығы 562 мың тонна бастырылды. Мақта 74 мың га немесе 69%-ы жиналып, өнімділік 25 ц/га болды, барлығы 185 мың тонна мақта жиналды. Мақта бойынша агротехнологияларды сақтау, атап айтқанда, заманауи тамшылатып суару жүйелерін қолдану нәтижесінде Түркістан облысындағы "Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені" шаруа қожалығы 60 ц/га жоғары өнімділікке қол жеткізді, бұл облыс бойынша орташа өнімділіктен 2,5 есе жоғары. Мұндай тәжірибе Түркістан облысының барлық мақташылары арасында кеңінен таратылуы тиіс", - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.