Экономика басқармасының ақпаратына сүйенсек, құрылыс көлемі 7%-ға өсуге тиіс. Жоспар бойынша облыста кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін қолжетімді тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны артуға тиіс. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 300 жанұя пәтер алады.
"2020 жылы 316,7 млрд теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығында өсу жоспарланған: ауылшаруашылығы дақылдарының көлемін ұлғайту және ылғал ресурстарын сақтау технологиясын қолдану есебінен өсімдік шаруашылығын ұлғайту, ал мал шаруашылығында шығарылатын өнімді ұлғайту және мал мен құс басының өсуі есебінен өсім күтілуде. АӨК 20 жобасын іске қосу жоспарланған", – дейді экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.
Азамат Мұқановтың сөзінше, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыста жаңа сүт-тауар фермаларын салу жоспарда бар. "Сыбаға" бағдарламасы бойынша биыл ірі қара мал басы 10 мың басқа өсуі мүмкін. Фермерлер қырыққабат өсіретін болады.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, 2020 жылы облыста түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, оның үштен бірі тұрақты.
"2019 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық 4,4%-ға дейін төмендеді және бұл деңгей биылғы жылы сақталады",– деп хабарлады әкімдіке өткен жиында баяндамашы.