Биыл Қарағанды облысында 50 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz ekaraganda.kz порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтты.
“2023 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. Оған сәйкес 54 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде ұлттық жобаларды іске асырудың арқасында – 5 мың, бос орындарға – 22 мың, жеке бастамалар шеңберінде – 17 мың. Сәуір айының басындағы жағдай бойынша еңбекпен қамту шараларымен 8 мың жұмыссыз қамтылды, оның ішінде 6 мыңға жуығы жұмысқа орналасты”, - деді ведомство басшысы.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы бойынша өңірдің 31 мың тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Өңірдің ірі кәсіпорындарында – Saran индустриялық аймағында, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында, Теміртауда және т. б. жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Ақпаратқа сәйкес, қысқа мерзімді курстарда 1551 адам оқитын болады. Облыстың мыңнан астам тұрғыны Skills Enbek платформасында жаңа мамандық ала алады.