Елімізде 97 кәсіби спорт клубы бар. Онда 36 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Кәсіби спорт клубтарының басым бөлігі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осылай деді.
Министрдің мәлімдеуінше, кәсіби спорт клубтарының бірқатарына ұлттық компаниялар немесе жеке тұлғалар қолдау көрсетеді. 2019 жылы 17 өңіріндегі жергілікті бюджеттен кәсіби спорт клубтарына 121,3 млрд, 2020 жылы 131,3 млрд теңге қаражат бөлінді.
"Министрлік еліміздегі барлық ойын федерацияларымен, оның ішінде футбол, хоккей, баскетбол, гандбол, волейбол, регби, көгалдағы хоккей федерацияларымен кеңес өткізді. Басқосу барысында жоғарыда аты аталған ұйымдардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілі талқыланды. Клубтар спортшылардың жалақысына бюджет қаражатының 50% жұмсайды екен. Олар кеңеске жалақыны реттеу бойынша ұсыныстарын алып келді. 5 қазаннан бастап министрлік кәсіпқой спорт клубтарын қаржыландыруға бағытталған қаражатты қайта қарау мәселесі бойынша бірыңғай тәсіл әзірлеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен қоғамдық тыңдау өткізіп жатыр. Министрлік бюджет қаражатынан рұқсат етілген төлем нормасын анықтау мақсатында спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб жетекшілеріне төленетін жалақы көлемін заң бойынша бекіту үшін мәжілістің қарауындағы заң жобасына түзету әзірледі. Бұл мәселе жұмыс тобында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Қанат Махамбет