Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, бүгінде балалардың жиі сырқаттанып жатқаны сонша таң қаларлық жағдай емес. Себебі, бұл вирустық инфекциялар, болмаса тұмаудың асқынуы кезінде болатын қалыпты жайт. 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің иммунитеті ересектерге қарағанда әлсіз болғандықтан, олардың арасында ауру тез тарайды. Биыл 61 мыңнан астам бала коронавируспен ауырып шыққан. Бұл жалпы көрсеткіштің 15 пайызы.
"Осы сәтті пайдаланып ата-аналарға үндеу жасағым келеді. Әлеуметтік желілерде бәрі балалардың ауырып жатқанын айтып, шулап жатыр ғой. Жаңа жыл қарсаңында жиындар көп болатыны түсінікті. Әйтсе де, балаларыңызды ертіп қонаққа, сауда орталықтарына бармауға кеңес беремін. Қаңтар айында вирусты жұқтыру көрсеткіші артады, ал кішкентайлар организмнің аурудан айығуы ересектерге қарағанда анағұрлым қиынға соғады", деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.
Айта кеткен жөн, биыл Қазақстан коронавируспен күреске 87 миллиард теңге жұмсады. Оның 10 миллиарды вакцинаға, қалған 77 миллиарды медицинадық ұйымдарға бөлінген. Вице-министр коронавирус бізден ешқайда кетпейтінін еске салды. Ол қалыпты вирустық инфекциялар мен тұмау секілді жыл сайын қайтып келетін болады. Дегенмен, бұл аурулардың асқыну кезеңі қазан, сәуір айлары болса, коронавирустың қай маусымда өршитіні әлі күнге дейін түсініксіз. Сондықтан шектеу шаралары, емделу жолдары бұрынғыша қала бермек.