Биыл Қазақстанда қанша тонна мұнай өндірілетіні белгілі болды

185

Мұнай өндіру болжамы 88,4 млн тоннаны құрап отыр. 

Биыл Қазақстанда қанша тонна мұнай өндірілетіні белгілі болды Фото: Интерфакс

10 айдың қорытындысы бойынша 73,5 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биылғы мұнай өндіру болжамы 88,4 млн тоннаны құрайды. Жоспармен салыстырғанда өндіріс көлемінің төмендеуі Теңіз және Қашаған ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты. Сондай-ақ, өндіріс көлемінің төмендеуіне Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтаулар мен Орынбор газ өңдеу зауытынан газ алуға шектеулер әсер етті. Өндіріс деңгейінің төмендеуіне ОПЕК+ келісімі бойынша міндеттемелердің орындалуы да әсер етіп отыр", – деді министр.

Алмасадам Сәтқалиев Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысатынын еске салды. Басқа елдер сияқты Қазақстан үшін де 2024 жылға белгілі бір міндеттемелер белгіленген. 

"Келісімнің талаптарын сақтау әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін қажет. Еліміздің мұнай-газ кешенін дамытуда республикадағы мұнай өндірудің 65% құрайтын үш ірі кен орны маңызды рөл атқарады. Жобаларды іске асыру басталғаннан бері жалпы тікелей инвестиция көлемі шамамен 185 млрд долларын құрады. Болжамдарға сәйкес, 2026 жылдан бастап ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен жылдық мұнай өндіру көлемі 100 млн тоннадан асады деп күтілуде", – деді Энергетика министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу