Десек те, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болды. Қолайсыз ауа-райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті", - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілді.
Мәселен, өсімдік шаруашылығы бойынша алғашқы 30 млрд теңге субсидиялары бөлініп, бидайды тікелей сатып алу үшін тиісті қаржы бөлу туралы шешім қабылданған.
"Ішкі нарықта бидаймен проблема болмау керек. Ұн және нан өнімдері Азық-түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген. Дегенмен, өсімдік шаруашылығында кейбір маңызды мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Жергілікті атқарушы органдар заманауи суару технологияларын енгізу жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алмай келеді. Бұл су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік берген болар еді", - деді Үкімет басшысы.
Оның сөзінше, елдің құбылмалы климатына бейімделген жергілікті сорттарды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек.
Бұдан бөлек Премьер-Министр бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүріп жатқанын да баса айтты.
"Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта қарау қажет. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаңарту мәселесі де өзекті. Әбден тозығы жеткен техника егіс жұмыстарының сапасына да әсер етуде", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.