Биыл елорданың өзі "азық-түлік белдеуі" деген атқа лайық саналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында мемлекет басшысы Қазақстанның экспортағы мүмкіндігіне тоқталды.
– Биыл Қазақстанның экспортқа 12 миллион тонна астық шығаруға мүмкіндігі бар. Бұл – өте көп өнім және зор жауапкершілік. Диқандардың өнімін сыртқы нарыққа шығаруға жан-жақты қолдау көрсету – Үкіметтің басты міндеті. Экспорттық әлеуетімізді арттыра түсу үшін әлемдік нарықта сұранысқа ие бағалы дақылдарды көбірек өсіру қажет, – деді Президент.
Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарыққа өнімді өткізудің ұтымды жолдарын барынша пайдалану керегін айтты.
– Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен іргелес аймақтардағы диқандардың мол мүмкіндігі бар. Осы орайда Ақмола облысын үлгі ретінде айтуға болады. Бұл аймақ елорданың "азық-түлік белдеуі" деген атқа лайық екенін дәлелдеді.
Биыл облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімі екі есе өскен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Сондықтан ауқымды ішкі нарығы бар қалалармен шектесетін басқа да аймақтар осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек, – деп сөзін жалғастырды Мемлекет басшысы.
Жалпы, Қазақстан сан түрлі азық-түлік өнімін шығарады. Президенттің сөзінше, өз өнімдерімізді көбірек сатып алу үшін оны елге танытып, кеңінен насихаттауымыз керек.