Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 31 жыл

3859

Айта кетейік, биыл "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленген өзгерістер енді.  

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 31 жыл Фото: inform.kz

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен тарихи құжат – "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы" Декларация қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның нағыз тәуелсіздігіне апаратын құқықтық бастама болды. Дегенмен, бұдан Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланды.

Сонымен бірге, бүгінгі күн 1986 жылы Алматы алаңына шыққан жастармен тығыз байланысты. Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына Г. Колбиннің келуіне қарсы басталған шеру тұтас КСРО тоталитарлық саясатына қарсы оқиғаға айналып, Тәуелсіздіктің жаршысы болды. Тарихта бұл қаралы күндер "Желтоқсан оқиғасы" деген атаумен қалды.

Қазақстан ССРО тарағаннан кейін араға 8 күн салып, тәуелсіздігін жариялады. 1980 жылдардың екінші жартысында басталған Кеңес одағының ыдырауында Балтық елдері бірінші бөлініп шықты. Содан кейін 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдері одақты біржолата ыдыратқан Беловеж келісіміне қол қойды. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, әлемнің саяси картасына тағы 15 мемлекет қосылды.

Ал Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш Америка Құрама Штаттары мойындады. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныды. Ал Түркия бірінші болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Тәуелсіздіктің 31 жылында Қазақстан елеулі жетістіктерге жетті және күрделі сын-қатерлерден өтті. 1993 жылы еліміз төл валютасын қолданысқа енгізді. Мемлекеттік рәміздерін бекітті. Шекараларын бекітіп, жаңа астанасын салды. Орнықты мемлекеттік институттары бар және экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Коронавирус пандемиясы, Қаңтар оқиғасы, Арыс, Байзақ, Екібастұздағы төтенше жағдайлар – ел бірлігі сынға түскен қиын да күрделі кезең болды. Халықаралық арендағы геосаяси жағдайлар да бостандықпен пен егемендіктің қадірін арттырды.

Биыл елімізде Президенті сайлауы өтті. Конституциялық түзетулер енгізу үшін жалпыұлттық референдум жүргізілді. Халықтың басым бөлігі Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізуді қолдады.

1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны – 19 715 182 адамға жеткен.

Тәуелсіздік күнінде тұтас ел бойынша салтанатты шаралар өтеді, әлеуметтік нысандар іске қосылады. Елордада мереке құрметіне қайырымдылық іс-шаралар, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау акциялары өтеді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушыларына санаторий-курорттық ем беріп, біржолғы әлеуметтік көмек төлеу көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу