Биыл көмір тасымалының жылжымалы құрамы 185 локомотивпен жаңартылды – Көлік министрлігі

167

Қазіргі уақытта тасымалдауға 20 мыңнан астам ашық вагон тартылған, оның ішінде 11 мыңы коммуналды-тұрмыстық көмірді тасымалдауға, 9 мыңы энергетика саласына арналған. 

Биыл көмір тасымалының жылжымалы құрамы 185 локомотивпен жаңартылды – Көлік министрлігі Фото: obk.kz

Сонымен қатар 3 мыңға дейін жеке операторлардың вагондарын қолдануға мүмкіндік бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Көлік министрі Марат Қарабаевтың баяндамасына сілтеме жасап.

"Жеткілікті локомотив паркі дайындалған. Ұлттық оператор локомотивтерінің жалпы саны 1мың 807 бірлікті құрайды. Жылжымалы құрамның жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде биыл 185 локомотив сатып алынды. Жалпы жұмылдырылған жылжымалы құрам қажетті көлемді тасымалдауды толық қамтамасыз етеді", — деп атап өтті Марат Қарабаев.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, негізгі көмір тиеу стансаларына апаратын 103 шақырымға жуық теміржол жөндеуден өтті.

Көлік министрлігі жылу беру маусымына дайындық аясында көмірді уақытылы тиеуді қамтамасыз ету үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп тиісті шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Осылайша, көмірді жоғары жылдамдықпен – тәулігіне 700 шақырымға дейін жеткізуді қамтамасыз ететін тасымалдауды бағдарлау жүйесі әзірленді.

Қауырт кезеңде, қараша-желтоқсанда жүктемені азайту үшін әкімдіктермен бірлесіп, жаз айларында көмір қорын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, көмірмен қамтамасыз ету мәселелеріне жедел ден қою және шешу үшін тұрақты штаб жұмыс істейді.

"Көмірді жеткізу кезінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 102,7 шақырымды құрайтын негізгі көмір тиеу стансаларына, атап айтқанда Қызылжар, Дегелең, Үшқұлын, Нұра және Екібастұзға апаратын жолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілді", — деп нақтылады көлік министрі Марат Қарабаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу