Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Облыс әкімдіктері жоғары тиімді дақылдарға және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстарын жандандыруы қажет. Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл басқа да тиімді дақылдарға көшу есебінен күріш алаңы 2021 жылмен салыстырғанда 8,7 мың гектарға азайды. Оның ішінде Қызылорда облысында 5,3 мың гектар, Түркістан облысында - 2,9 мың гектар және Алматы облысында 0,6 мың гектарға қысқарды", – деді министр.
Жалпы биыл дақылдар 1,4 млн гектар суармалы егіс алаңында өсірілді. Оның 75,8%-ы немесе 1,1 млн гектар әлі де жерүсті әдісімен суарылады.
"Суарудың бұл әдісі фермер үшін арзанға түседі, бірақ су пайдалану бойынша ұтымсыз болып отыр. 18,3%-ы немесе 268 мың гектарда су үнемдеу технологиясы қолданылды", - деді министр.