Құрылыс секторына 600 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды

635

Жалпы көлемі 6,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді.

Құрылыс секторына 600 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды

Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға өсті. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім - 5,4%, өндеу өнеркәсібінің өсімі 4,9%. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

"Тау-кен өнеркәсібінде түсті металдар кенін өндіру көлемі 3,1%-ға және темір кенін өндіру көлемі 7,4%-ға өсті. Өндеу өнеркәсібіндегі металлургия өнеркәсібінде - 3,6% (қара металлургия 4,8%-ға, түсті 2,6%-ға), химия өнеркәсібінде - 10,9%,  машина жасауда - 16%, жиһаз өндіруде - 5,2%, жеңіл өнеркәсіпте 2,3% өсім бар", - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, көлік кешенінде 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында нақты көлем индексі 104,9%-ды құрады (2018 жылдың жоспары – 104,8%).

"7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы 250,8 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен (2017 ж.6-айында – 148 мың контейнер). Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша бұл көрсеткіш 143,9 мың контейнерге жетті. Яғни, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63%-ға өсіп отыр (2017 ж 7-айында – 88,1  мың). Көлік қызметінің кірісі 17,5%-ға өсіп, 1,5 трлн. теңгені құрады (2017 жылғы қаңтар-шілдеде – 1,3 трлн. теңге)", - деді ведомство басшысы өз сөзінде.

Жыл басынан бері құрылыс саласына 608 млрд теңге инвестиция құйылды. Ол өткен жылдағы деңгейден 129,7%-ға жоғары. Жалпы көлемі 6,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді (2017 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 109% құрайды). Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспарының 55,8%-ы орындалды (жоспар - 12,1 млн ш.м). Жалпы республика бойынша 58 мың баспана (57 901) пайдалануға берілді, оның ішінде 23 662  жеке үй бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу