Биыл күзде Мәжіліс мінберінде қандай мәселелер көтеріледі?

182

Депутаттар киберқауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын және Цифрлық кодексті қарайды. 

Биыл күзде Мәжіліс мінберінде қандай мәселелер көтеріледі? Фото: mazhilis_kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелер қандай екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Президент өз жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – өте маңызды қадам. Өйткені, елімізде инженерлер, құрылысшылар, биологтар, ветеринарлар, су саласы мамандары тапшы. Қазір бізге зауыт, жол, үй салатын кадрлар көбірек қажет. Сондықтан біз оларды заңнамалық тұрғыдан қолдау мәселесін де қарастыруымыз керек. Алдағы уақытта осы тақырыпқа арнап Үкімет сағатын өткізген жөн деп санаймын. Сонымен қатар, жұмыскерлердің осындай санатын жеке мемлекеттік наградамен марапаттау елеулі ынталандыру болмақ", - деді Ерлан Қошанов.

Ол Президенттің бұл идеясын депутаттар заңнамалық деңгейде қолдайтынын жеткізді.

Бұдан басқа Мәжіліс қабырғасында цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу жұмысы да одан әрі жалғасатын болады. Мәжіліс спикері тиісті заң жобасы әзірленгенін де атап өтті.

"Биылғы күзде біз киберқауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасын және Цифрлық кодексті қараймыз. Осы құжаттардың бәрі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға, басқару процестерінің ашықтығын қамтамасыз етуге құқықтық негіз болады. Бүгінгі күні ең көп талқыланып жатқан мәселе – Атом электр стансасын салу мәселесі. Атом электр стансасын салу туралы шешім – серпінді жоба екені сөзсіз. Бұған оң халықаралық тәжірибе айқын дәлел бола алады. Бірақ аталған мәселені түпкілікті шешу үшін бүкіл қоғамның бірігуі қажет. 6 қазанда өтетін референдумда халық өз шешімін қабылдайды. Барлық депутат Президенттің осы прагматикалық идеясын қолдап, жұртшылыққа дұрыс жеткізеді деп сенемін", - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кету керек, осыған дейін сегізінші сайланған Мәжілістің үшінші сессиясы ашылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу