Биыл Қызылорда облысында 40 ауылдық округтің әкімі жаңадан сайланады

2932

1 кандидат бір ауылдың округтік әкімі болып қатарынан 2 реттен артық сайлана алмайды. 

Биыл Қызылорда облысында 40 ауылдық округтің әкімі жаңадан сайланады

Биыл Қызылорда облысында 40 ауылдық округтың әкімі жаңадан сайланады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Оның ішінде 31 ауылдық округ әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталса, 9 ауылда әкімдердің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған. Ерекшелігі сол, бұл жолы үміткерлердің арасынан әкім болуға лайықты кандидатты халық таңдайды.  

Облыс бойынша 7 аудандық сайлау комиссиясы ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын 2021 жылдың 25 шілдесі яғни жексенбі күнге тағайындады. Ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін Қазақстан Республикасының азаматы, жасы 25-ке толған, іс-әрекетке қабілетті және мемлекеттің қызметтік заңнамасының талаптарына сәйкес болуы қажет. Сондай-ақ соттылығының және сыбайлас-жемқорлық бойынша қылмысы, құқық бұзушылық фактілері болмауы да ескеріледі.

Облыстың Жаңақорған ауданында 13 ауылдың әкімін халық сайлайтын болса, Аралда бұл тізімге 12 ауыл іліккен. Жалағаш және Шиелі аудандарында 4 ауылда сайлау өтсе, Қазалы және Сырдария аудандарында 3 ауылдың әкімдері жаңа жүйе бойынша таңдалады.  Ал Қармақшы ауданында 1 ғана ауылдық округтың әкімі жаңадан сайланбақ.

"Ауылдық округтің әкімі болуы үшін заңнамалы құжатта жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімімен жұмыс тәжірибесі бойынша біліктілік талаптарының 9 нұсқасы қарастырылған. Кандидат сол нұсқалардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келуі тиіс. Кандидаттың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істер жөніндегі өкілетті орган белгілейді. 1 адам бір ауылдың округтік әкімі болып қатарынан 2 реттен артық сайлана алмайды", - деді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.

Кандидаттарды саяси партиялар да өз мүшелері арасынан ұсыну немесе өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асырады.  Бұл ретте саяси партия 1 сайлау округінде 1 ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ауылдық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз даусына ие болуы тиіс. Сайлаушыларды қолдау олардың қолдарын жинаумен куәландырылады. Сайлау қорытындыларын ауданның аумақтық сайлау комиссиясы 3 күн ішінде, яғни 28-ші шілдеге дейін анықтайды.  

Жалпы дамыған елдерде мұңдай тәсіл бұрыннан бар. Ал еліміз үшін айтулы белес деуге болады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу