Биыл Қызылордада 2,5 мыңдай адам қайтарымсыз грантқа ие болды

5197

Биыл 3081 шағын және орта бизнес нысаны ашылып, өткен жылмен салыстырғанда 6,7% өсім көрсеткен.  

Биыл Қызылордада 2,5 мыңдай адам қайтарымсыз грантқа ие болды

Қызылорда облысында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланғалы шағын және орта бизнестің үлесі ұлғайды.

Биыл үшжылдықтың екінші жылы қорытындыланып, облыс әкімі Қ.Ысқақов кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бизнес өкілдерін Алғыс хаттармен марапаттады.

"Аймақта шағын және орта бизнес субъектілері 45423 бірлікті құрайды. Экономикалық белсенді халықтың үштен бірі шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылып, 163 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Мемлекет басшысы ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2025 жылы 35 пайызға жеткізу қажеттігін атап өтті. Соңғы 5 жыл ішінде кәсіпкерліктің өңірлік үлесі ұлғайып, 2018 жылдың қорытындысымен 16,9 пайызды құрады. Биылғы жылдың 6 айындағы көрсеткіш 4,9 пайыз болды", – деді аймақ басшысы.

"Жаппай кәсіпкерлікті дамыту" аясында былтыр 32 млрд теңге, осы жылы 34 млрд теңге бөлінген. Биыл 2433 жан өз ісін бастау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 1 млрд 75 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болған. Сондай-ақ, 1035 азамат 4 млрд теңгеге жуық шағын несиелер алып кәсіптерін дөңгелетуде.

Тұрақты бизнесті дамытуға екінші деңгейлі банктерден 5 млрд. теңгеден астам несие 134 жобаға бағытталса, "Бизнестің жол картасы 2020", "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларымен төмен пайыздық несиелер берілген. "Атамекен" ҰКП арқылы 6 мыңға жуық тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқыған.

Осындай жетістіктердің арқасында 3081 шағын және орта бизнес нысаны ашылып, өткен жылмен салыстырғанда 6,7% өскен.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу