Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келсек, биыл өткен жылға қарағанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаюы болжанып отыр. Ол 111,4 мың гектарды құрайды", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Вице-министрдің сөзінше, былтыр 330 мың тоннадан астам мақта өнімі жиналған.
"Бірақ та, Ливерпуль биржасында баға болмауына байланысты мақта дауы біраз көтерілді. Әлі күнге дейін былтырғы өнімін өткізе алмай жүрген шаруалар бар. Мақта зауыттары диқандарға 560 млн теңгедей қарыз. Бүгінде сол зауыттар мақташылардың алдында берешегін өтеп жатыр. Оныншы наурызға дейін толық жабамыз деп уәделерін берген. Сол себепті де былтыр баға болмағаннан кейін диқаншылар өздері бас тартып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысында мақта алқаптарының белгілі бір бөлігін жүгері алқаптарына ауыстыру туралы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жерге әлеуетті инвесторлар тартылды. 25-30 мың гектар мақта алқабын жүгері алқаптарына ауыстырсақ деген ниет бар", - деді ол тілшінің сауалына берген жауабында.
Оның айтуынша, бұдан бөлек күріш алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғайып, 2023 жылы 95,4 мың гектарды құрап отыр.