Биыл мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге кірістер түсті

Кірістер бойынша жоспар 310 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 302 млрд теңгеге асыра орындалды.

Биыл мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге кірістер түсті Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қаңтардың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Мемлекеттік бюджетке 1,5 трлн теңге шамасында кірістер түсті немесе жоспар 144,0%-ке орындалды", – деп бастады баяндамасын Жамаубаев.
Оның айтуынша, республикалық бюджетке 1,1 трлн теңге кірістер түсті немесе жоспар 139,0%-ке орындалған. 

"Кірістер бойынша жоспар 310 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар - 302 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы корпоративтік табыс салығына, қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кеден бажына тиесілі. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың асыра орындалуына 382 ірі салық төлеуші бойынша 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда биылғы жылғы қаңтарда мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 48,8%-ке немесе 53 млрд теңгеге өсуі әсер еткен", – деді Қаржы министрі.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалу факторлары:

  • тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сату бойынша айналымның өсуі;
  • қосылған құн салығын төлеушілердің 18%-ке өсуі;
  • өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылғы қаңтарда үшінші елдерден импорт көлемінің 84%-ке өсуі.

Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың асыра орындалуы негізінен АҚШ долларына шаққанда теңге бағамының 6,6%-ке төмендеуіне байланысты болды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу