Биыл онлайн петициялар үкімет деңгейінде қаралады

416

Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет.

Биыл онлайн петициялар үкімет деңгейінде қаралады Фото: Inbusiness.kz

2024 жылы сәуір айынан бастап 50 мыңнан астам қазақстандық қолдаған петиция үкімет деңгейінде қаралады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Биыл 4 сәуірде "Қоғамдық бақылау туралы" заң күшіне енеді. Құжатта петиция институты реттелген.

Kazgazeta.kz сайтының жазуынша, онлайн петиция берудің арнайы платформасы сәуір айында жұмыс істей бастайды. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі болады. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады.

Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек.

Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды.

Ал петицияны қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, ол үкімет деңгейінде қаралады.

Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады.

Петиция арқылы шенеуніктерді отставкаға жіберуге бола ма

"Қоғамдық бақылау туралы" заңда петицияда қаралмайтын мәселелер туралы 17 тармақша бар.

Мәселен, президент пен парламенттің қызметке тағайындайтын адамдарына петиция қарастырылмайды. Сондай-ақ қазақстандықтар республикалық басқару нысанын, әкімшілік-аумақтық құрылымды, шекараны өзгерту, сот төрелігі, рақымшылық, ұлттық қауіпсіздік, тіл мәселесі және тағы басқалары бойынша петиция бере алмайды.

Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган жұмыс тобын құрады, қоғамдық талқылау жасайды, халықаралық тәжірибені зерделейді. Содан кейін ғана барып шешім шығарады.

Петиция бойынша шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана бере алады. Шекті мәнге жетпеген петициялар үндеу ретінде қарастырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу