Оңтүстік Қазақстан облысында "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" аясында 123 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Оның ішінде 98 тұрғын үйде жөндеу жұмысы жыл соңына дейін аяқталады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Дәлірек айтсақ, Шымкент қаласында – 21 үй, Кентауда – 37 үй, Арыста – 9 үй, Сарыағашта – 13 үй, Шардарада – 8 үй, Мақтаралда – 10 үй.
Бағдарламаның шарты бойынша күрделі жөндеуді жүргізу нәтижесінде жылу тұтынуды үнемдеуді, тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздейді.
Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында 3152 көпқабатты тұрғын үй бар. Ол үйлердің басым бөлігі 1934-1990 жылдары салынуына байланысты қатты тозған. Қазір облыста 1393 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуді қажет етеді.
"Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы" бойынша 2011-2015 жылдары, яғни 5 жылда республикалық бюджет есебінен облыстың 9 аудан, қаласында 188 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөнделген.