2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 16 көпір жөнделеді. Қосымша 9 көпірде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Биыл 25 көпірде құрылыс-жөндеу жұмысы жүргізіліп, пайдалануға тапсырылады. Күрделі жөнделетін көпірлердің дені Бәйдібек (1), Мақтаарал (3), Отырар (1), Сарыағаш (1), Түлкібас (2) аудандары мен Түркістан (1) қаласында", – деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек 22 көпірде құрылыс-жөндеу жұмысын жүргізуге тиісті құжаттар әзірленіп жатқанын ескерсек, алдағы уақытта жөнделететін көпір саны едәуір азаяды.
Мұндай ұсынысты таяуда облыстық мәслихаттың кезектен тыс он бірінші сессиясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолы басқармасы айтып, депутаттар қолдады.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданындағы Дарбаза стансасына кіре берісте 1,2 ш, Түлкібас ауданындағы "Әсел" демалыс орнына кіре берістегі 5,7 ш. және Арыс қаласына кіре берістегі 8 ш. жол орташа жөндеуден өткізіледі.
Мақтааралда да атқарылатын шаруа бар. Ондағы Жаңа дала, Иіржар және Өркениет елді мекендерінің үш көшесінде орташа жөндеу жұмысы басталса, Шымкент қаласының Темірлан тас жолында да орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.