Биыл өтетін халық санағы кезінде 87 сұраққа жауап беруіміз керек

1172

2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтеді. "Қазақстанда әркім маңызды"! Ұлттық санақ осы ұранмен өткізілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Биыл өтетін халық санағы кезінде 87 сұраққа жауап беруіміз керек

Ұлттық статистика бюросы санақты өткізу процесін автоматтандырып, оған заманға сай цифрлық технологияларды енгізбек. Биыл азаматтарға сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше толтыру немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндіктері ұсынылуда.

"1 қыркүйекте sanaq.gov.kz сайты жұмысын бастайды. Мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн-режимде санаққа қатысты барлық сұраққа жауап бере алады.  Санақ жүргізушілер 1-30 қазан аралығында үйді-үйді аралайды. Интервьюерлер үйлерді аралағанда электронды планшеттерді пайдаланады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН-ін енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ, интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді", - делінген бюро хабарламасында. 

Санақ кезінде азаматтарға барлығы 87 сұрақ қойылады. Яғни санақ парақтарындағы сұрақтар тізбесі айтарлықтай ұлғайтылған. Мұнда барлығы 67 сұрақ және оған қосымша 20 нақтылаушы сұрақтар кірістірілген. Сұрақтардың аясын кеңейтуге Еуропалық санақшылардың 2020 жылғы тұрғын үй қорын және тұрғындар санағын жүргізу жөніндегі ұсыныстары мен ТМД Мемлекетаралық статистикалық комитеттің әдістемелік материалдары негіз болды. 2021 жылдың санағына көші-қон, еңбекпен қамту, неке жағдайы, бала туу және тіл білуі бойынша сұрақтары енгізілген. Сондай-ақ, БҰҰ-ның мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобымен ұсынылған жаңа сұрақтар қосылды. Мұнда мүгедектік критерийлерін ескеріп, денсаулық сақтау статистикасы аясында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ету көзделген.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу