Бұл туралы қала әкімінің халыққа есеп беру кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Әнуар Күмпекеев өз сөзінде атап өткендей, өткен жылы қаладағы 150 мың шаршы метрді қамтитын көшелер, жолдар мен тротуарлардың асфальт жамылғысы жөнеуден өтті. Аталған жобаның жалпы сомасы 825,7 миллион теңгені құрады.
"Қаланың көліктік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 91,3 миллион теңгеге Целинная көшесінің асфальтін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы 500 миллион теңгеге қала көшелерін жөндеу жоспарлануда. Оның ішінде 1 Мамыр және Теплов көшелерін кеңейту көзделуде. Қала маңындағы ауылдар мен кенттердің көшелерін жөндеуге 300 миллион теңге қаражат қарастырылған",– дейді Әнуар Күмпекеев.
Есептік кездесуге қатысқан облыс әкімі Болат Бақауов қалалықтардың жайлылығы үшін зор көлемдегі жұмыс атқарылғанын атай келе, аулаларды жөндеуді күшейту керектігін қадап айтты.
"Мен қаламыздағы барлық аулаларды жөндеуді тапсырған едім. Бірақ талдау жасап көрсек, әлі талай жұмыстар жүргізу қажеттігіне көзіміз жетті. Қала басшылығын аулалар мен аула аралық кеңістікті абаттандыру және көшелерді жарықтандыру бойынша әлі талай жұмыстар күтіп тұр", – деді әкім.