Жұмыс күші көп оңтүстік өңір тұрғындары "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы арқылы Павлодар облысына қоныс аудара алады. Олар баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылады және көші-қон субсидиясын алады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биылғы жоспар бойынша, Павлодар облысына 2 800 адам қоныстанады. Аймаққа жаңа мамандарды тарту үшін облыстық делегация Түркістан облысына арнайы барып, үш қала мен 14 аудан тұрғындарымен кездесті. Нәтижесінде, 310 адам солтүстікке көшуге ниет білдірді.
"Делегация құрамында мемлекеттік қызметшілермен қатар, жеке кәсіпкерлер де болды. Мысалы, тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтап қалған "Ақтоғай-Агро" шаруашылығына 80 жұмысшы, Екібастұзда қызанақ өсіретін "Qaz tomat" жылыжайына 50 адам керек. Осы және өзге де кәсіпорын өкілдері тұрғындармен тілдесіп, тиімді ұсыныстарын жасады", – дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов.
Оның айтуынша, оңтүстіктегі тұрғындардың басым бөлігі солтүстікке келіп, ауыл шаруашылығын қолға алуды қалайды. Сондықтан алдымен жер учаскелерін беруді сұрайды. Павлодар облысының билігі бұл өтінішті орындауға дайын. Мысалы, Баянауыл және Май аудандарында мал шаруашылығымен, Железин, Успен және Шарбақты аудандарында өсімдік шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта өңірдегі емдеу мекемелерінде 400-ден астам орын бос тұр. Ал оңтүстіктен қоныс аударып, жұмыс бастауға әзірше тек екі медбике ынта танытты.
"Былтырдан бастап қоныс аударушыларға берілетін субсидия 35 айлық есептік көрсеткіштен екі есеге өсті. Енді отбасы мүшелерінің әрқайсысына 214 мың теңге беріледі. Оған қоса, қалалық жерде баспана жалдау үшін бір адамға 20 АЕК, отбасында 2-4 адам болса 25 АЕК, 5 және одан көп мүшесі бар отбасыларға 30 АЕК өтемақы төленеді. Ал ауылдық жерлерге көшіп, үй жалдап тұратын отбасыларға адам санына байланысты 15, 18 және 21 АЕК көлемінде субсидия қарастырылған", – дейді жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Байтілесова.
Оңтүстік өңірлерден жыл сайын мыңдаған тұрғын келіп жатқанмен, олардың арасында бірнеше жылдан соң қайта көшіп кеткендер де бар. Әкімдіктің мәліметі бойынша, осы уақытқа дейін 356 қоныс аударушы кері қайтты.
"Олардың барлығы дерлік – жастар. Павлодар облысына қоныс аударған кезде мектептің соңғы сыныптарында оқып жүрген еді. Орта білім алған соң Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына әрі қарай оқуды жалғастыруға кетті. Ал ата-аналары біздің өңірде қалды. Аймағымызда жасалған жағдай ұнамай, қайтадан оңтүстікке кеткендер болған жоқ", – дейді Мейрам Өтешов.
Айта кетейік, "Еңбек" бағдарламасы басталғалы Павлодар облысына квота бойынша 9 226 адам немесе 1 952 отбасы қоныс аударды. Олардың басым бөлігі – білім, денсаулық және ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері.
Ажар Дәулетова