Биыл Павлодар облысында 101 өндірістік жарақаттану орын алған

332

Павлодар облысында өндірістік жарақаттану жиі болатын кәсіпорындар аталды.

Биыл Павлодар облысында 101 өндірістік жарақаттану орын алған Фото: Inbusiness.kz

Көбінесе тау-кен металлургия, энергетика өнеркәсібі, құрылыс, бюджеттік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі сақталмай, жазатайым оқиғалар көп болады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.

Тұрақты негізде өндірістік жарақаттанудың жай-күйіне талдау жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.

– 11 ай ішінде облыс кәсіпорындарында 101 жазатайым оқиға орын алды. Биыл төрт адам қаза тауып, 106 адам зардап шекті. Былтыр 101 жазатайым оқиғаның ішінен алтауы қаза тапты, – деді Асқар Қапанов.

Оның сөзінше, Еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыра отырып, 596 тексеру жүргізілді. Жүргізілген тексерулер барысында 999 бұзушылық анықталып, 490 ұйғарым берілді. Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 54 әкімшілік ескерту жасалып, жалпы сомасы 16 миллион теңгеге 108 әкімшілік айыппұл салынды.

– Салалар бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны: тау-кен металлургия өнеркәсібі, энергетика өнеркәсібі, құрылыс, бюджеттік ұйымдар, – деп нақтылады Асқар Қапанов.

Өндірістік жарақаттану бойынша топ кәсіпорындарға Ақсу ферроқорытпа зауыты,  "Қазақстан алюминийі", "Богатырь Көмір", "Восточный" кеніші кіреді.

– Жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыратын ең жиі жол берілетін бұзушылықтар: зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, жұмыс өндірісінің қанағаттарлықсыз ұйымдастырылуы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу жатады, – деді спикер.

Мысалы, биыл облыстың ірі кәсіпорындарының бірінде мердігерлік жұмыстарды атқарған "Барысстроймонтаж" ЖШС-де жазатайым оқиға орын алған. Көпір краны қозғалысқа келіп, металл конструкцияларының қызметкерін қысып тастады. Басқа жағдайда "Богатырь Көмір" кенішінде екі қызметкер қайтыс болды – шина жарылып, К700 аударылып кетті. Төртінші оқиға Баянауыл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері жол апатында қаза тапқан.  Барлық оқыс оқиғалар бойынша материалдар полицияға жіберілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу