Биыл Павлодар облысында 55 ауыл әкімі сайланды

1003

Өңірде барлығы 126 ауыл әкімі жұмыс істейді. 

Биыл Павлодар облысында 55 ауыл әкімі сайланды

Осы жылы елімізде алғаш рет ауылдық округтер мен кенттер әкімдерін тікелей сайлау ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде Павлодар облысындағы ауыл әкімдерінің 43%-ы жаңарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуынша, ауыл әкімдерін сайлауға дауыс берушілердің 79%-ы, яғни 65 мыңнан астам адам қатысты. Кейбір елді мекендерде сайлаушылар жоғары белсенділік танытып, олардың 90%-ға жуығы өз таңдауын жасады. Сондай-ақ, саяси науқан барысында кәмелеттік жасқа толған 530 жас бірінші рет дауыс берді. 

Сайлау қорытындысы бойынша "Nur Otan", "Ауыл", "ADAL", "Ақжол" партияларынан ұсынылған 48 кандидат және өз-өзін ұсынған 7 үміткер әкім атанды. Олардың ең жасы – 28-де. Ең үлкені – 61 жаста. 

"Ауыл әкімдерінің сайлауы барысында бір орынға орташа есеппен үш кандидат тіркелді. Бірнеше ауылда бес үміткер болды. Олардың сенімді өкілдері мен бақылаушылар тарапынан қандай да бір арыз-шағымдар түскен жоқ", - дейді Гүлнар Аманжолова. 

Келесі жылы қызметтік мерзім өтілі аяқталатын үш ауылда тағы да әкімді сайлау өтеді. Сондай-ақ, өз өтініші бойынша қызметтен кеткен басшылардың орнына жаңа жетекшіні сайлау үшін дауыс беру науқаны ұйымдастырылады. Мысалы, қаңтар айында Железин ауданы Михайловка ауылдық округі әкімінің қызметтен кетуіне байланысты сайлау өтеді.   

Ажар Дәулетова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу