Биыл Павлодар облысында шыбын-шіркейлер жылдағыдан аз болады

1067

Мамандар осындай байлам жасап отыр.

Биыл Павлодар облысында шыбын-шіркейлер жылдағыдан аз болады Фото: Ольга Бугаева

Жаз кезінде Павлодар облысы тұрғындарын мазалайтын басты мәселе – шыбын-шіркейлер. Қансорғыштардың көп болатыны соншалық, үй құстары да қырылып жатады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Дегенмен шенеуніктер биыл өңірдегі қансорғыштар саны айтарлықтай азаяды деп сендіріп отыр. Жергілікті жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның айтуынша әкімдіктер дезинсекциялық жұмыстарға алдын ала дайындалды әрі су қоймасынан босатылатын су көлемі жылдағыдан аз болуы керек. Бұл өз кезегінде шыбын-шіркейдің азаюына әсер етеді.  

"Биыл 27 мың гектар аумақта өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Оған 70 мың тонна биопрепарат пен 2 300 литр химиялық препарат қажет. Соңғысы толығымен дайын. Ал биологиялық препараттың алғашқысы 35 тоннасы бір апта аралығында жеткізілуі тиіс. Биыл аудандарда ол бірінші рет қолданылады. Дезинсекциялық шаралар кем дегенде 80% тиімділігін көрсету керек. Сол кезде ғана мердігерге қаражат төленеді", – дейді Әйгерім Қабылтаева.

Сонымен қатар биыл Бұқтырма су қоймасы 60% ғана толтырылды. Ал жауын-шашын көлемі былтырғыдан 15-20%-ға аз болады деп күтілуде. Сондықтан мамандар осы жылы шыбын-шіркей де аз болады деген болжам жасап отыр.

Бұл уақытта Павлодар қаласының әкімдігі дезинсекциялық жұмыстарды бастап кетті. Шаһардың басшысы Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде 30-ға жуық жертөленің үштен бір бөлігі құрғатылды. Енді "МырзаСтрой" мердігер компаниясы су босатылып, күн жылына бастаған соң саябақтарды, саяжайларды, Ертіс өзенінің жағалауын өңдеуге кіріседі.

Еске сала кетейік, былтыр облыста дезинсекциялық шараларды жүргізу бойынша үш жылға арналған мемлекеттік конкурс жарияланған еді. Қансорғыштармен күреске 1,5 млрд теңге бөлінді.

Ажар Дәулетова

Фото: Ольга Бугаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу